|
|
«Шығыс Қазақстан облысының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы
ереже
1. Жалпы ережелер
1. «Шығыс Қазақстан облысының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрi - Басқарма) бюджеттің атқарылуы, облыстық коммуналдық мүлікті басқару саласында жергілікті мемлекеттiк басқарудың жекелей функцияларын орындауға уәкілетті, облыстық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік атқарушы орган болып табылады.
2. Басқарма өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының Заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ, осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өзінің атауы жазылған мөрлері және мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланктері, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің аумақтық Қазынашылық органында есеп айырысу шоты болады.
4. Басқарма өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседі.
5. Басқарманың, егер ол заңнамаға және осы Ережеге сәйкес осыған уәкілетті болса, облыстың жергілікті атқарушы органы атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.
6. Басқарма заңнамада белгіленген тәртіппен өз құзыретінің мәселелері бойынша Басқарма бастығының немесе оның міндеттерін атқарушы тұлғаның бұйрықтарымен ресімделетін жеке қолданылатын құқықтық актілер шығарады.
7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысымен бекітіледі.
8. Басқарманың заңды мекенжайы:
070004, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы, М. Горький көшесі, 65.
9. Басқарманың толық атауы: «Шығыс Қазақстан облысының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесі.
10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
2. Басқарманың негізгі міндеттері, функциялары мен құқықтары
11. Бюджеттің атқарылуы, коммуналдық мүлікті басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру Басқарманың негізгі міндеттері болып табылады.
12. Жүктелген міндеттерге сәйкес Басқарма заңнамада белгіленген тәртіппен мынадай фукцияларды жүзеге асырады:
1) бюджетті атқару, облыстық бюджеттiң атқарылуы бойынша бухгалтерлiк есепке алуды, бюджеттiк есепке алу мен бюджеттiк есептiлiктi жүргiзу, облыстық коммуналдық мүлікті басқару, оның ішінде, мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы акциялардың мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік қатысу үлестерін басқару жөніндегі уәкілетті орган болып табылады;
2) Басқарма құзыреті шегінде облыс аумағында бюджетті атқару және мемлекеттік коммуналдық мүлікті басқару саласындағы қатынастарды реттейтін облыстың жергілікті атқарушы органының нормативтік құқықтық және құқықтық актілерінің жобаларын әзірлейді;
3) аудандардың (қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының бюджетті атқару, коммуналдық мүлікті басқару саласындағы жұмысын үйлестіруді жүзеге асырады;
4) Басқарма құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекет мүддесін білдіреді, оның мүлiктiк құқықтарын қорғауды жүзеге асырады;
5) бюджеттің атқарылуын ұйымдастырады және бюджетті атқару бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілері қызметін үйлестіреді;
6) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасымен регламенттелген бюджеттік есепке алуды жүзеге асырады;
7) орта мерзімді кезеңге арналған бағдарламалық және стратегиялық құжаттарды әзірлеуге қатысады;
8) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілері мен бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаржыландыру жоспарларына сәйкес түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын жасайды және бекітеді;
9) облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларына өзгертулер енгізуге арналған өтінімдерін қарайды, түсiмдер және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына, мiндеттемелер бойынша жиынтық жоспарға өзгерiстер мен толықтырулар енгізеді;
10) облыстық мемлекеттік мекемелердің мiндеттемелер мен төлемдер бойынша жеке қаржыландырудың жоспарлары жалпы сомасының Қазақстан Республикасы Бірыңғай бюджеттік сыныптамасының әрбiр бюджеттiк бағдарламасы бойынша және айлар бойынша түсiмдердiң және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарының, мiндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарының сомасына сәйкес келуiн тексерудi жүргiзедi.
11) облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджет қаражаттары бойынша қаржыландыру жоспарларының атқарылуы туралы, мемлекеттiк мекемелердiң иелiгiнде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткiзуден түсетiн ақша түсiмдерi мен шығыстарының жоспарларын, демеушiлiк және қайырымдылық көмектің түсуi мен түсімдердің жұмсалуы туралы есептерін қабылдауды және тексеруді жүзеге асырады;
12) төлемдердің уақтылы және толық төленуін жүргізуді қамтамасыз ету үшін жоспарлы кезеңге қолма-қол ақша легінің болжамын жасайды;
13) қолма-қол ақша тапшылығы болжанған жағдайда қарыз алуды жүзеге асырады немесе түсімдер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер енгізеді;
14) облыстың жергілікті атқарушы органының секвестрлеу жүргізу туралы қаулысы негізінде облыстық бюджетке түзету енгізуді жүзеге асырады;
15) бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ұсынған мемлекеттік мекемелер сататын тауарлардан (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) түсетін ақша түсімдері мен шығыстарының жиынтық жоспарын келіседі;
16) аумақтық қазынашылық бөлімшесіне облыстық бюджеттен қаржыландыратын мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түскен түсімдер мен шығыстар жоспарлары және бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган берген рұқсаттар негізінде жасалған белгіленген нысан бойынша ақылы қызмет, демеушілік, қайырымдылық көмек қолма-қол ақшаны бақылау шоттарын ашуға өтінімді ұсынады;
17) мемлекеттік мекемелерге корпоративтік есеп айырысу карточкасын қолдану арқылы есеп айырысуды жүргізу үшін ұлттық валютада ағымдағы шотты ашуға рұқсат береді;
18) бюджет қаражаттары мен бюджеттік кредиттердің игерілуінің бюджеттік мониторингін жүзеге асырады;
19) бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен аудандардың (қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының есептері негізінде бюджеттің атқарылуы туралы ай сайынғы талдамалық есепті қалыптастырады;
20) бекітілген Әдістемеге сәйкес мемлекеттік органдардың бюджет қаражаттарын басқару жөніндегі қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалауды жүзеге асырады;
21) облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаржыландырудың жиынтық жоспарлары және айларға бөлінген бекітілген іс-шаралар негізінде облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепті қалыптастырады;
22) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органдарға ай сайын және жыл қорытындысы бойынша облыс бюджетінің атқарылуы туралы есепті ұсынады;
23) облыстың жергілікті атқарушы және өкілді органдарына, облыстың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органына, ішкі бақылау жөніндегі уәкілетті органға облыстық бюджеттің атқарылуы туралы ай сайынғы есепті ұсынады;
24) облыстың жергілікті атқарушы және өкілді органдарына, облыстың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органына, ішкі бақылау жөніндегі уәкілетті органға есепті қаржы жылындағы облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есепті ұсынады;
25) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсына отырып, ағымдағы нысаналы трансферттер, даму нысаналы трансферттері және кредиттерді іске асыру мониторингінің нәтижелері туралы есепті әзірлейді;
26) бюджет заңнамасымен белгіленген басқа да бюджеттік есептілік түрлерін әзірлейді;
27) облыстың жергілікті атқарушы органы резерві қаражатының пайдаланылуын есепке алуды жүргізеді және ай сайын облыс әкімдігіне тиісті кезеңге резервтің пайдаланылуы және оның қалдығы туралы ақпаратты ұсынады;
28) облыстың жергілікті атқарушы органының резервінде көзделген қаражат бөлу мүмкiндiгi немесе мүмкiн еместiгi туралы қаулылар жобаларына қорытынды жасайды;
29) облыстық бюджет қаражатынан берілген кредит бойынша талаптардың есепке алынуын жүзеге асырады;
30) WEB-портал арқылы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық мазмұнның көлемі туралы ақпаратты ай сайын қалыптастырады;
31) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнен тауарларды, жұмыстарды және қызмет көрсетулердi мемлекеттiк сатып алу туралы ай сайынғы есептілікті қалыптастырады;
32) өткізілген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы 1-ГЗ нысандағы тоқсан сайынғы есептілікті қалыптастырады;
33) өзінің құзыреті шегінде облыстық коммуналдық мүлікті басқаруды жүзеге асырады, оны қорғау бойынша шаралар қабылдайды;
34) облыстың жергілікті атқарушы органы атынан облыстық коммуналдық заңды тұлғаларға қатысты облыстық коммуналдық меншік құқығының субъект құқығын жүзеге асырады;
35) облыстық коммуналдық мүлiктi облыстық коммуналдық заңды тұлғаларға бекiтеді;
36) Мемлекеттік мүлік тізілімінде көрсету үшін коммуналдық мүлікті есепке алуды ұйымдастырады, оның тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді;
37) тиісті саланың облыстық уәкілетті органының келісімі бойынша өзінің шаруашылық қызметінің нәтижесінде берілген, сатып алынған, облыстық коммуналдық заңды тұлғалардың пайдаланбайтын не мақсатына сай пайдаланбаған мүлкін алып қоюды немесе қайта бөлуді жүзеге асырады;
38) заңнамамен көзделген жағдайларда коммуналдық заңды тұлғаларға мүліктік құқықтарды жүзеге асыруға келісім береді;
39) облыстың жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша акционерлiк қоғамдардың және жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктерінің құрылтайшысы бола алады, мемлекеттің қатысуымен мемлекеттік емес заңды тұлғалардың мемлекеттік үлестері мен акцияларының мемлекеттік пакеттерін басқарады;
40) «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңымен бекітілген мәселелер тізбесі бойынша мемлекеттің қатысуымен акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) акционерлерінің (жауапкершілігі шектеулі серіктестік қатысушылары) жалпы жиналысында қабылдауға ұсынылатын шешімдер жобаларын келіседі;
41) облыстық коммуналдық заңды тұлғалардың жарғысын (ережесін), оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді;
42) облыстың жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша облыстық коммуналдық мүлiктi, оның ішінде жарғылық капиталындағы акцияларды, қатысу үлестерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiне сәйкес ақшаны облыстық коммуналдық кәсіпорындардың, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталына немесе акционерлiк қоғамдардың акцияларының төлеміне беруді жүзеге асырады;
43) облыстың жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша облыстық коммуналдық мүлiк құрамына акционерлiк қоғамдардың акцияларын және жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталындағы қатысу үлестерiн сатып алуды жүзеге асырады;
44) «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен көзделген негіздер бойынша облыстық коммуналдық мүлiк құрамына мүлікті (заңды тұлғалардың мүліктік кешендері, акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінен басқа) қабылдау туралы шешім қабылдайды және мүліктерді қабылдауды ұйымдастырады;
45) облыстық коммуналдық мүлікті (облыстық коммуналдық заңды тұлғалардың мүліктік кешендері, акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінен басқа) ауданның (қаланың) коммуналдық мүлік деңгейіне беру туралы шешім қабылдайды;
46) облыстық коммуналдық мүлікті (облыстық коммуналдық заңды тұлғалардың мүліктік кешендері, акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінен басқа) пайдалану, оның ішінде өтеусіз пайдалануға, мүліктік жалға (жалдауға), сенімді басқаруға беру туралы шешім қабылдайды;
47) «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес облыстық коммуналдық мүлікті жекешелендіру бойынша сауда-саттық өткізу туралы хабарламаларды жариялау үшін мерзімді баспасөз басылымдарын анықтау бойынша конкурс өткізеді;
48) облыстың жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша облыстық коммуналдық мүлiктi жекешелендiруді жүзеге асырады, оның ішінде жекешелендіру шарттарын, нысаны мен түрін анықтайды, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, сауда-саттықты ұйымдастыруды және өткізуді жүзеге асырады;
49) облыстық коммуналдық мүлiктi жеке тұлғаларға және мемлекеттiк емес заңды тұлғаларға кейiннен сатып алу құқығынсыз, кейiннен сатып алу құқығымен өтеусіз пайдалануға, мүлiктiк жалдауға (жалға алуға), сенiмді басқаруға немесе кейiннен өтеусiз негiзде беру құқығымен шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң меншiгiне бередi;
50) сатып алу-сату, өтеусіз пайдалану, мүліктік жалдау (жалға алуға), сенімді басқару шарттарын жасайды және шарттардың талаптарын сақтауды, оның ішінде, сенімді басқарушыларды тыңдау жолымен бақылауды жүзеге асырады;
51) аудандардың (қалалардың) жергілікті атқарушы органдарына аудандық коммуналдық мүлікке жатқызылған жылжымайтын объектілерді, мүліктік кешендерді, мемлекеттік емес заңды тұлғалардың акцияларының мемлекеттік пакеттері мен жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін жекешелендіруге алдын ала келісім береді;
52) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
13. Басқарманың:
1) облыстық коммуналдық мүлікті, оның ішінде, құзыреті шегінде мемлекеттік емес заңды тұлғалардың акциялары мемлекеттік пакеттерін иелену, пайдалану және оларға билік ету;
2)
Басқарма құзыретіне кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық және құқықтық актілер жобаларын әзірлеу;
3)
орталық және жергілікті атқарушы және өкілетті органдардан, мемлекеттік емес заңды мен жеке тұлғалардан, облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінен бухгалтерлік, қаржылық және бюджетті атқаруды ұйымдастыру, коммуналдық мүлікті басқару және Басқарма құзыретіне кіретін басқа мәселелер бойынша қажетті ақпаратты сұрау және алу;
4) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу туралы өтінімдерін белгіленген тәртіппен қабылдамау;
5) жергілікті атқарушы органдардан аудандардың (қалалардың) бюджеттерінің атқарылуы туралы ай сайынғы есептерді алу;
6) оларға берілген облыстық коммуналдық мүлікті заңды және жеке тұлғалардың тиімді пайдалануына бақылауды жүзеге асыру;
7) облыстық коммуналдық меншікке жатқызылған, мемлекеттің қатысуы бар мемлекеттік емес заңды тұлғалардың басқару органдарының қызметіне қатысу;
8) облыстық коммуналдық мүлікті жекешелендіру бойынша сауда-саттықты заңнамаға сәйкес жүргізу;
9) жеке және заңды тұлғалармен шарттар жасасу, олар бойынша өзара міндеттемелердің шарттары мен сипатын анықтау;
10) сатып алу-сату, мүлікті жалдау (жалға беру), сенімді басқару, уақытша өтеусіз пайдалану және облыстық коммуналдық мүлікті басқаруға қатысты басқа да шарттар бойынша міндеттемелердің орындалуын тексеру;
11)
консультациялар алу, арнайы бiлiм мен дағдыларды талап ететiн мәселелердi зерттеу үшiн консультанттарды (тәуелсiз сарапшыларды) тарту;
12)
мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес қызметтерді мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу;
13) Қазақстан Республикасының соттарында Басқарма құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекет мүддесін білдіру;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру құқығы бар.
3. Басқарманың мүлкі
14.Басқарманың жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі бар.
15. Басқармаға бекітілген мүлік облыстық коммуналдық мүлікке жатады, оған мемлекет берген мүлік есебінен қалыптастырылады және негізгі қорлар мен айналым қаражаттарынан, сондай-ақ, құны Басқарманың теңгерімінде көрсетілетін басқа мүліктен тұрады.
16. Басқармаға заңнама және осы Ережемен белгіленген жағдайлар мен шектерде бекітілген мүлікке дербес билік ету құқығы берілген.
17. Басқарманың бекітілген мүлікке құқықтары қолданыстағы заңнамаға сәйкес анықталады.
4. Қызметін ұйымдастыру
18. Басқарманың қызметі облыстың жергілікті атқарушы органы бекіткен Стратегиялық жоспар және жыл сайынғы Операциялық жоспар негізінде жүзеге асырылады.
19. Басқарманы облыс әкімі лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын бастық басқарады.
Басқарма бастығының облыстың жергілікті атқарушы органы белгілеген лимит шегінде Басқарма бастығы заңнамада белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын орынбасарлары болады.
20. Басқарма бастығы Басқарманың жұмысын ұйымдастырады және басшылық жасайды және Басқармаға жүктелген функциялардың орындалуы үшін дербес жауапты болады.
21. Бастық жүктелген қызметтерді орындау мақсатында:
- өз орынбасарларының және құрылымдық бөлімшелер басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін анықтайды;
- заңнамаға сәйкес Басқарма қызметкерлерін лауазымдарға тағайындайды және лауазымдардан босатады;
- заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма қызметкерлерін көтермелеуді жүзеге асырады және оларға тәртіптік жаза белгілейді;
- Басқарма актілеріне қол қояды;
- Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережені және қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;
- Басқарманың ағымдағы қаржы жылына арналған Операциялық жоспарын бекітеді;
- мемлекеттік органдарда, өзге ұйымдарда Басқарма мүддесін білдіреді;
- Шығыс Қазақстан облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілген штат саны лимиті мен құрылымы шегінде Басқарманың штат кестесін бекітеді;
- сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде қажетті шаралар қабылдайды;
- ерлер мен әйелдердің тәжірибесіне, қабілеттері мен кәсіптік даярлығына сәйкес олардың мемлекеттік қызметке теңдей қол жеткізуін қамтамасыз етеді;
- Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
22. Бастық болмаған жағдайда оның міндеттерін Басқарма бастығы анықтаған оның орынбасарларының бірі атқарады.
5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату
23. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
|